Аймақтар • 30 Мамыр, 2018

Ауыл балалары  IT-орталықтарда оқиды

424 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік  бағдарламасының толыққанды жүзеге асуы ел тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға кеңінен жол ашады. Әсіресе, қатардағы азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру қоғамды қағазбастылықтан құтқарып, барлық саладағы ілгерлеушілікке ұласпақ. Сайып келгенде, цифрландырудың жемісі адамның заманға лайықты өмір сүруі ғана емес, қажетті тұтыну қызметтерін сапалы әрі жылдам алудың алғышартына айналады.

Ауыл балалары  IT-орталықтарда оқиды

Елімізде бұл бағыттағы жұмыстар қарқымен жүргізілуде. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының сатылап жүзеге асырылуы аз уақыт аралығында нәтижесін бере бастады. Дәл осы мақсаттың түпкілікті міндетке айналу жолдары Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да нақты көрсетілген болатын. Бүгінде басты назарда тұрған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуына Үкімет қана емес, басқада қоғамдық институттар да жұмыла кірісіп жатыр. Мысалға, «Нұр Отан» партиясы цифрландыру бағдарламасын дамытуға арналған өз жобасын бастап, нақты іске көшті. Қазір партия білікті IT-мамандар пулын даярлауға бағытталған  «IТ-мамандарды даярлау» бастамашыл жобасын іске асыра бастады.

Осы жоба бойынша «Нұр Отан» партиясы еліміздің барлық облыстарында заманауи технология тілін меңгерген мамандар даярлайтын орталықтар ашып жатыр. Күні кеше партияның Алматы облыстық  филиалының бастамасымен Талдықорған қаласындағы Агротехникалық және Политехникалық колледждердің базасында екі ІТ-орталық ашылды.

- Елбасының тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партиясы еліміз бойынша 1000 тегін ІТ-сынып ашу жобасын қолға алып, сол бағытта жұмыс істеуде.  Облыс бойынша 21 ІТ сынып ашылмақ. Екі жыл ішінде 8100 балаға заманауи білімнің әліпесін үйретіп, елугеге жуық ІТ-маман даярлау жоспарлануда. Мұндағы мақсат балаларға бағдарламалау мен робототехника негіздеріне үйрету. Соның арқасында оларға қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру. Бұл игі бастама  партияның «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына қосқан қомақты үлесі, - дейді партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев.

Ал арнайы оқытатын орталықтардың кәсіптік білім беретін колледждердің негізінде ашылуында өзіндік мән бар. Талдықорғандағы Агротехникалық колледж бен Политехникалық колледж қабырғасында техникалық мамандыққа баулитын пәндер оқытылады. Бұған дейін де колледждерден білім алып шығатын бағдарламашы, арнайы техника шебері  сияқты мамандықтарға сұраныс жоғары болып келген. Мамандық алған жастардың дені жұмыспен қамтылуда. Тағы бір ерекшелігі, екі оқу орынында да ауылдан келген жасөспірімдер көптеп оқиды екен. Демек, қазақ баласының жаңа заманғы мамандықтарды игеруге деген ынтасы жоғары деген сөз.

- Жаңадан ашылған орталықта IT саласына қатысты мамандар оқытылып, жаңа технологиялармен қамтамасыз етілетін болады. Болашақта осы ІТ-орталықтар негізінде жастардан жаңа идеялар, жобаларджы жинақтап, жаңа буын жас ғалымдар қалыптастыруымызға да мүмкіндік мол,- деді бізге  Талдықорған Политехникалық колледжінің директоры Ерқанат Мұқажанов.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы